Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО)

Латвияның астанасы Ригада Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше Армения, Беларусь, Казақстан және Ресей елшіліктерінің қолдауымен ЕАЭО тұсаукесері өтті. Осы шараның Латвияның Еуродақ Кеңесіне төрағалық етуінің шеңберінде өтіп жатқанын, сарапшылар әйгілі оқиға ретінде атап өтті.

Шараға Латвия мемлекеттік органдарының өкілдері, Сейм және Рига қаласының депутаттары, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, іскер топтар, сарапшылар және көптеген БАҚ өкілдері қатысты.

Тұсаукесердің модераторы Латвияның инвестициялар және даму жөніндегі агенттігінің Бас директоры Андрис Озолс болды.

Еуразиялық экономикалық одақтың басты бағыттары жөнінде Еуразиялық экономикалық комиссиясының Интеграция және макроэкономикалық негізгі бағыттары алқасының мүшесі (Министр) Татьяна Валовая әңгімелеп берді. Ол қатысушыларды еуразиялық интеграциялық жобалардың даму этаптарымен, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық әлеуеттерімен, экономика, фармацевтика, көлік, қаржы, және электроқуаты, газ, мұнай мен мұнай өнімдері рыноктары, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені, біртұтас қызмет көрсету бағыттарында жалпы саясатты құру бойынша Еуразиялық экономикалық комиссиясының мақсаттары мен тетіктерімен таныстырды.

Қазақстанның елшісі Бауыржан Мұхаметжанов өз сөзінде еуразиялық интеграция жөніндегі бастаманы осыдан 21 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген, деп атап көрсетті. Елші, сондай-ақ ү.ж. мамыр айында өткен VIII-ші Астаналық экономикалық форум барысында ҚР мемлекет басшысы Еуразиялық және Еуропалық одақтардың интеграциясы мен белсенді ынтымақтастығы жөнінде, сондай-ақ Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азияны Еуропамен жалғастыратын жаңа көлік дәлізін құру жөнінде жаңа бастама жасағанын айтты.

Сондай-ақ Б.Мұхаметжанов біздің елдің ғана емес, сонымен қатар бүкіл ЕАЭО-ның экономикалық және көліктік әлеуетін арттыруға бағытталған Қазақстанның жаңа логистикалық жобалары, бес институциалдық реформалар, Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» жөнінде әңгімелеп берді.
Елші еуропалық және латвиялық компанияларды бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Елші шараға қатысушыларды біздің елдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру процесстерін аяқтағаны жөнінде ақпараттандырды.

Латвияның сарапшылары Қазақстанның табанды түрде ұлттық мүдделерін қорғай отырып, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алғанын ерекше атап өттіп, қазақстандықтарды осы тарихи оқиғамен құттықтады.

Еуразиялық экономикалық одақтың тұсаукесерінде сондай-ақ Латвияда тіркелген Армения, Беларусь және Ресейдің Елшілері алғы сөз айтты.

Ригада өткен шараға 200-ден астам адамның қатысуы, олардың көптеген сұрақтар беруі Еуразиялық экономикалық одаққа деген латвиялық ресми өкілдер және іскер топтар мен мемлекеттік органдар және экономикалық ұйымдардың қызығушылығын көрсетті.