Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін білім беру гранттарының мөлшері көбейтілді

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшері 2%-дан 4%-ға пайызға көбейтілді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар білім беру гранттарын тағайындау бойынша жалпы конкурсқа қатыса алады.

Бұл ретте республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары талапкерлер өтініш білдірген нақты мамандықтар, тіл бөлімдері мен оқу нысандары бойынша мамандықтар кезектілігіне сай білім беру грантын беру туралы куәлікті берумен қоса ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі – ҰБТ) немесе кешенді тестілеудің (бұдан әрі – КТ) нәтижелері бойынша сертификаттар баллдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.

Білім беру грантын беру конкурсында Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқыту тілі), екі бейіндік пән бойынша балдар ескеріледі.

Шығармашылық емтихандарды талап ететін мамандықтарға түсу үшін білім беру грантын беру конкурсына Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы (оқыту тілі) және екі шығармашылық емтиханның нәтижелері ескеріледі.

Конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-на, шығармашылық емтихандарды талап ететін мамандықтарға түсушілерді қоспағанда, тестілеу нәтижелері бойынша кемінде 65 балл, «Білім беру», «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтарының топтары бойынша кемінде 60 балл, басқа ЖОО-на кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 65 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша кемінде 5 балл және әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл жинау қажет.

Шығармашылық емтихандар тапсыруды талап ететін мамандықтар бойынша конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-на тестілеу және шығармашылық емтихан нәтижелері бойынша кемінде 65 балл, ал «Білім беру» мамандық тобы бойынша кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы – оқыту тілі бойынша кемінде 5 балл және әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл (жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас шығармашылық мамандықтарға түсушілер үшін – кемінде 35 балл, оның ішінде шығармашылық емтихан бойынша – кемінде 5 балл және бейіндік пән бойынша кемінде 5 балл) жинау қажет.

Сондай-ақ, отандастарымыз мемлекеттік білім беру тапсырыс бойынша жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде білім ала алды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 199 қаулысына сәйкес 2018-2019 оқу жылына республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында жоғары оқу орындарының дайындық бөлімінде (бұдан әрі – дайындық бөлімі) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды оқытуға 1200 орын бөлінді.

Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалардың дайындық бөліміне түсуі олардың өтініштері арқылы кешенді тестілеу (бұдан әрі – КТ) нәтижесіне сәйкес конкурстық негізде іске асырылады. КТ «Математикалық сауаттылық» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша өткізіледі. КТ тапсыру үшін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында өтініштер 2018 жылғы 10 шілде мен 27 тамыз аралығында қабылданады. КТ 2018 жылғы 10 мен 15 қыркүйек аралығында өткізіледі. Дайындық бөліміне түсушілерді оқуға қабылдау 2018 жылғы 20 мен 25 қыркүйек аралығында өткізіледі.