Қазақстан Елшілігі студенттермен кездесті

2017 жылғы 6 желтоқсанда, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күнін тойлау қарсаңында, Елшілік Литва астанасының жетекші жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен интерактивті кездесу өткізді.

Кездесу барысында студенттер мемлекеттік даму бағдарламаларының («Қазақстан-2050» стратегиясы, Елбасының жолдауы «Қазақстанның үшінші модернизациясы: жаһандық бәсекегеқабілеттілік», Ұлт жоспары «Бес конституциялық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам», Президент мақаласы «Рухани жаңғыру») негізгі бағыттарымен таныстырылды.

Жастармен сұхбат кезінде Қазақстан халқының алдына қойылған мақсаттарды сәтті іске асыруға қажетті іргелі факторлардың бірі ретінде адами капиталды дамыту басымдылығына ерекше назар аударылды.

Осыған орай, әрбір қазақстандықта еңбекқорлық, «білімге табыну», жауапкершілік пен өзара сыйластық сияқты қасиеттерді дамыту маңыздылығы тағы бір рет атап өтілді.

Студенттер, өз кезегінде, алдағы жоспарларымен бөлісе отырып, қызықтыратын сұрақтарын қойды.

Сонымен қатар, Елшіліктің бастамасымен флешмоб ұйымдастырылып, оның барысында студенттер мен дипломаттар Тәуелсіздік Күніне орай қазақстандықтарға құттықтауларын жолдауға мүмкіндік алды.