Тауар айналымын ұлғайту және экономикалық ынтымақтастықты нығайту – Қазақстан мен Латвия арасындағы сенімді қарым-қатынастың басымдығы

2018 жылғы 31 мамыр мен 1 маусым аралығында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған Астананың көрнекті делегациясы Ригаға барып қайтты.

Қазақстандық делегацияның Ригада болу бағдарламасының басты тармағы Р.Василенко мен Латвия Республикасының Байланыс министрі Улдис Аугулистің тең төрағалығымен өткен Қазақстандық-латвиялық экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 7-ші отырысына қатысу болды.

Екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының сарапшылары бүгінгі таңдағы өзекті мәселелермен қатар, көлік және логистика, білім беру, АКТ, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жасыл технологиялар және туризм сияқты салалардағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен олардың болашағын егжей-тегжейлі талқылады.

Осылайша, мемлекет басшылары – Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Раймондс Вейонис деңгейінде бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында, көлік саласындағы қазақстандық және латвиялық сарапшылар тек қана Қазақстан мен Латвияны ғана емес, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Солтүстік және Шығыс Еуропа мемлекеттері арасындағы жүктер мен туристердің ағындарын біріктіруге көмектесетін мультимодальдық көлік-логистикалық коридор құруды бастауға келісті.

«Үрімші-Алтынкөл-Рига-Роттердам» бағыты бойынша алғашқы контейнерлік пойыздың өткен жылдың күзінде іске қосылуы, 2018 жылғы сәуір айында Көлік жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысының өткізілуі және қатынауының жиілігі аптасына үш ретті құрайтын «Air Baltic» компаниясының Алматы мен Рига арасындағы тікелей әуе қатынасының орнатылуы жоғарыда айтылған бағыттағы маңызды кезеңдер болып табылады.

Қазақстандық және латвиялық тараптар ақпараттық-коммуникациялық, нано- және «таза» технологиялар саласындағы серіктестік сияқты сапалық жаңа бағытқа ерекше назар аударды. Бұл технологиялар мен аталған салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін Латвия тарапы Президент Р.Вейонистің сапары шеңберінде Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде таныстырды. Сол жолы Латвия өзінің халықаралық көрмелерге қатысу тарихында тұңғыш рет «Біздің табиғатымыздағы энергия» идеясымен әзірленген павильон дизайны үшін медальға ие болды.

Сонымен қатар, Латвия тарапы ҚР үшін өзекті болып табылатын жобаларды, атап айтқанда, тұрмыстық, қатты және азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеу, баламалы энергетиканы, сондай-ақ ағын суларын тазарту технологияларын дамыту бойынша бірқатар бағыттарды ұсынды. Қазақстан астанасының 20 жылдығына орай өткізілетін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымы қарсаңында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы мен CLEANTECH Latvia арасында Меморандумға қол қою туралы келісімге қол жеткізілді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық үлкен әлеуетке ие. Латвия тарапының назарына ҚР-дың ауыл шаруашылығындағы әлеуеті, мемлекеттік қолдау шаралары (инвестициялық преференциялар, жеңілдікті несиелер, субсидиялар, салықтық және кедендік жеңілдіктер) және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық жобалары туралы ақпарат ұсынылды.

Тараптар айтарлықтай әлеуеті бар білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара қызығушылық танытты. Латвияның білім беру орындарында 300-ден астам қазақстандық студенттер оқып жатқаны жайында айтылды. Тәуелсіздік жылдарында Ригалық аэронавигация институтының базасында «Қазаэронавигация» РМК қажеттіліктері үшін 800-ден астам қазақстандық маман даярланды. Аталған саладағы ынтымақтастыққа одан әрі серпін беретін білім, ғылым және жастар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеуге және оған қол қоюға қатысты уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сауықтыру туризмі саласының бүгінгі таңдағы ынтымақтастығы мен 2017 жылы Қазақстанда (Шымкент қ.) доктор Мауриньштің Флебология және лазерлық медицина клиникасының ашылуына оң баға берілді.

Іс-шараның қорытындылары бойынша Астана мен Рига арасында алдағы екі жылға арналған өзара әрекеттестіктің «жол картасы» ретінде белгіленген қазақстандық-латвиялық ҮАК 7-ші отырысының Хаттамасына қол қойылды.

Ригада болудың екінші күнінде қазақстандық делегация Латвияның саяси басшылығымен бірқатар кездесулер өткізіп, іскерлік қауымдастықпен диалогты жалғастырды.

Күннің басында «Startin.lv» Латвиялық start-up кәсіпорындары қауымдастығының ұйымдастыруымен презентация өткізіліп, онда аталған саладағы ықтимал өзара әрекеттесу жобалары ұсынылды. Осы саладағы тәсілдермен танысу және ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылау мақсатында қазақстандық стартап экожүйелерінің өкілдерін, соның ішінде, Астанада құрылып жатқан IT-стартап халықаралық орталығының мамандарын Латвияда қабылдау жөнінде ұсыныс жасалды.

Сол күні Латвия Сыртқы істер министрлігінде екі елдің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі саяси консультациялар өтті. Латвия тарапын СІМ Мемлекеттік хатшысы Андрейс Пилдеговичс басқарды. Екіжақты қарым-қатынастардың барлық салаларын қамтитын консультациялар барысында, тараптар, екі ел арасындағы сенімді диалогты және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттестіктің жоғары деңгейін айтып өтті.

Р.Василенко Латвия басшылығын ағымдағы жылы атап өтілетін – Тәуелсіздік жариялаудың 100 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол, сондай-ақ, Латвияның Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы диалогты ілгерілетуге және нығайтуға қосқан үлесі үшін, сондай-ақ, Латвияның Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оның мүше-мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялаған алғашқы мемлекет болғаны үшін алғыс айтты.

Сапар аясында қазақстандық дипломатты Латвия Парламенті президиумының мүшесі Гунарс Кутрис қабылдады. Қазақстандық дипломат Ригада екіжақты, өңірлік және көпжақты ынтымақтастық бойынша жемісті келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Біздің елдеріміз арасындағы өзара әрекеттестік белсенді дамып келе жатқанын айта келе, Р.Василенко аталған мәселеде парламенттік дипломатияның ерекше рөлін атап өтті.