Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты

Кездесуге Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан президенттері – Серж Саргсян, Александр Лукашенко, Алмазбек Атамбаев, Владимр Путин, Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бас хатшысы міндетін атқарушы Валерий Семириков қатысты.

Бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары ұйымды одан ары дамыту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына қатысушы елдер үшін биыл мерейтойлық жыл екенін атап өтті.

Осыған орай Қазақстан Президенті кездесуге қатысушыларды Шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуымен құттықтап, оның ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттердің тұтастығын нығайтудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ның қауіпсіздік саласындағы басқа да халықаралық институттармен және ұйымдармен өзара іс-қимылының аясын кеңейту мәселесіне қатысушылар назарын аударды.

Бұдан бөлек, ұйым мүшелері қазіргі заманғы өңірлік және жаһандық қатерлермен күрес жолында күш жұмылдыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесу соңында ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Юрий Григорьевич Хачатуровты ҰҚШҰ-ның бас хатшысы етіп тағайындады.