Латвия «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу туралы шартына қол қойды

 

2016 жылғы 2-3 қыркүйекте «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Латвия Республикасына сапары болып өтті. Сапар барысында Латвияның Көлік министрі Улдис Аугулиспен, Латвия сауда өнеркәсіп палатасының төрағасымен, ұлттық секция Комиссары, Латвияның «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуына жауапты Янис Эндзиньшпен, сондай-ақ Латвия іскерлік  топтары және БАҚ өкілдерімен кездесті.

Кездесулер барысында Р. Жошыбаев пен Я. Эндзиньш екі ел арасындағы екіжақты өзара ынтымақтастықтың ахуалы мен келешегін, Латвия Үкіметі мен «жасыл» технологиялар саласындағы жергілікті компаниялардың  «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу шарттарын талқылады.

Астанада өтетін көрменің тақырыбын ескере отырып, Я. Эндзиньш Латвияның 2020 жылға қарай әлемдегі ең «жасыл» елге айналуына ұмтылып отырғандығын хабарлады. Латвияның энергияны түпкілікті тұтынуында қалпына келтірілетін энергия көздерінің үлесі 37,1% құрап, Еуропалық одақта Швециядан (52,1%) кейінгі екінші жоғары көрсеткіш болды. Климаттың өзгеруімен күрес саласындағы мақсаттарға қол жеткізу бойынша ЕО бағдарламасы шеңберінде Латвияға 755 млн. евро бөлінген болатын.

Латвия тарапы елдің географиялық орналасуының артықшылықтарын, сонымен қатар «жасыл» энергетика саласындағы латвиялық кәсіпорындардың перспективті жоспарларын атап өтті. Осыған байланысты Латвия павильоны «Кездесу орны ­­- Латвия: біздің табиғатымыздағы энергия» деп аталатын болады (Meeting Point Latvia – Energy is in our Nature).

СӨП төрағасының айтуы бойынша, Латвия Халықаралық Көрме Бюросының мүшесі емес, сондай-ақ ЭКСПО көрмелеріне тек бірнеше рет қана қатысқан.Астаналық көрмеге қатысуды растауы Латвияның Қазақстанға деген жоғары қызығушылығы мен ерекше достастық қарым-қатынасын айғақтайды. Латвия Қазақстанның  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір»  әріптестік бағдарламасын құру және осы бағдарлама бойынша Хартияға қол қою жөніндегі бастамасын қолдаған алғашқы елдердің бірі болып табылады.

Кездесулердің қорытындылары бойынша Р. Жошыбаев пен Я. Эндзиньш Латвияның «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу туралы шартқа қол қойды.